Home Home Home
 

Мамыр 2007

Қазақ елінің азаматтығын алғанда қатты қуандым...

Майра Мұхамедқызы, ҚР еңбегі сіңген артисі. Әлемде жылқы етін жейтін халық некен-саяқ. Солардың бірі — француз болса, екішісі — қазақ. Осы екі ұлттың «туысқандығы» туралы Еуропада «қазақтар Азиядағы француздар» деген әңгіме тараса, ал жазушы Асқар Сүлейменов «француздар Еуропадағы қазақта» деген еді.

Десе те «туысқан» екі ұлттың арасындағы мәдени ауыс-түйіс әлсіз. Өткен ғасырда Париж сахнасын Әміре Қашаубаев дауысы дір еткізгеннен кейін Францияны тамсандырған қазақ әншісі жоқтың қасы деуге болады. Сол олқылықтың орнын иісі қазақтың арасынан бірінші болып әйгілі Гранд опера театрымен келісімшартқа отырған Майра Мұхамедқызы-Керей толтырып жүр. Жуырда Алматы мен Қытай астанасы Пекинде жеке концертін өткізіп қайтқан Майра жаңа асуларды бағындыруға Алатау баурайында күш жинауда. Ол өзінің алтын уақытын бізге де қиып, бірнеше сұрақтарымызға жауап берген еді.

— Майра, сізбен бұдан бұрын жүздескенімізде «Қазақтың білдей-білдей азаматтары Парижге келіп, дүкен жағалап кетеді. Біреуі Гранд опера театрына іздеп келіп, өнерімді тамашалаған емес» деген назыңызда айтып едіңіз. Одан бері екі жылдың жүзі өтіпті. Сізді іздеп, Гранд опера театрына бас сұққандар болды ма?

— Шетте жүрген қандастарымыз «сізді қазақ деп естідік» деп іздеп келіп жатады. Гранд Опера театрына билет табу өте қиын. Бізге келісімшарт бойынша екі-ақ билет беріледі. Соның өзін «әлгіндей қандастарымыз келіп қалады ма» деп сақтап қоямын. Ал, елден Францияға жолаушылап келгендердің бірі де іздеген емес. Мүмкін біздің кестелеріміз сәйкеспей жатқан шығар деген ойдамын. Мен мұнда болсам олар анда, мен анда болсам олар мұнда дегендей. Бір жолы Францияға Қазақстаннан бір топ өнер адамдарынан құралған делегация келді. Оларды «Махаббат сусыны» деген қойылымға шақырдым. Келгендер өнерде жүрген азаматтар қой, бір түсінсе осылар түсінер деп ойладым. Келгендерге «қанша адам келесіздер?» деп едім, «он төрт адам» деді. Театрдың директорына айтып он төрт орын дайындатып қойдым. Ол кісі де «жерлестеріңді жақсылып күтіп алайық» деп, шампанын дайындап, әлектеніп жүр. Бірақ, күткен адамдарым келмеді. Кейіннен жолыққанымда «неге келмедіңіздер?» деп едім, «елшілік етке шақырып, бара алмадық» деп ақталды. Не дерімді білмедім. Сонда менің өнерімді ет басып кеткені ғой.

— Сіз ғұмырнамалық кітап жазып жатқаныңызға бірақ уақыт болды. Өмірбаяныңыз қашан оқырмандар қолына тиеді?

— Кітабым кішкене тоқтап тұр. Шынымды айтсам, мойным жар бермей жүр. «Ауызекі айтып берсеңіз, жазып шығайық» деушілер де бар. Бірақ, басымнан өткенді дәл өзімдей ешкім сезіне алмайды ғой деп те ойлаймын. Әйтеуір ертелі-кеш, бір шешімін тауып, кітабымды оқырмандар қолына тигізетінім анық.

— Кітабыңызды қытай тілінде жазып, бастадыңыз. Жолдасыңызбен де қытайша сөйлесесіз. Бұныңыз қалай?

— Мысалы, сіздер өз ойларыңызды нақ жеткізу үшін орыс тілін пайдаланасыздар. Қытайда туып, Қытайда өскендіктен қытай тілі әсер етпей қоймайды. Кейде өзара қытайша сөйлесетініміз рас. Өйткені айтқым келгенді қытай тілінде жылдам жеткізе аламын. Кітабымды да осы себептен қытай тілінде жаза бастадым.

— Майра Сіз Қазақстанға алғаш келген жолдасыңыз туралы біраз айтылған еді. Ал, бүгін жұбайыңыз Сіздің тасаңызда қалып кеткен секілді...

— Жолдасым кезінде мотокросспен айналысқан.Бастапқылда осы спорттың түрін Қазақстанда дамыту үшін қақпаған есігі қалмады. Бірақ қолдау таппады. Қазір өзінің бизнесі бар. Сондықтан соңғы кездері аты аталмай жүрген шығар. Осы үшін «менің тасамда қалды» деген баға бермеңіз. Асхан тасада қалатын азамат емес. Екеуміздің қосылғанымызға он жеті жылдан асты. Ыстығыма да, суығыма да төзіп келеді. Мені қас-қабығымнан таниды. Мне үшін одан жақын адам жоқ. Сондықтан өнердегі қиыншылықтарға Асханның арқасында берілмей жүрмін деп ойлаймын. Ол өте шыдамды азамат. Басқа еркек болғанда мені баяғыда-ақ тастап кетер ме еді? Көп жағдайда Асханға қарап «Алла маған берген екен» деген ойға қаламын.

— Сіз Францияда сахнада жаңылысқан әріптесіңізге көмектесіп жіберген екенсіз. Еуропада мұны ерлікке балап, газеттер жарыса жазыпты. Ал бізде бұл қалыпты жағдай болар еді. Еуропалықтар «өзімшіл келеді» деседі. Шығыстық ділмен «қарт» құрлықта өмір сүру қиын шығар...

— Иә, өте қиын. Еуропалықтар кәсіби тұрғыдан өте жоғары болуы мүмкін. Бірақ адами мәселелерге келгенде, оларға арқа сүйей алмайсың. Бір-біріне тым қатыгез, өзі үшін өмір сүретін сияқты. Сондықтан мұндай ортада жинақты жүруге тура келеді.

Жұрт не десе, о десін, бәрібір маған қазекемнің қасиеттері ұнайды. Қазақтай меймандос, мейрімді халық жоқ шығар. Бәлкім, еуропалықтар мәдениеттің, өнердің ең соңғы сатысына көтерілген болар. Бірақ, ондағы адамдардың көбісі жалғыздықтан қасірет шегеді. Көшеде өз-өзімен сөйлесіп бара жатқан адамды көрсеңіз таң қалмайсыз. Бұл үйреншікті жайтқа айналып кеткен.

— Бір сұхбатыңызда әріптесімнің «шетелде алған гонорарыңызбен қандай мәселеңізді шешіп алдыңыз?» деген сұрағын жауапсыз қалдырыпсыз. Осыны тарқатып айтып бересіз бе?

— Біздегі журналистердің әуелі сұрайтыны осы. Ал, Еуропада гонорарды сұрау ұят болып есептеледі. Бұл біреудің жеке ісіне қол сұғумен бірдей. Бір кездері «Шынның жүзінде» сұрап қоймаған соң, осы сауалға жауап берген едім. Жауап беремін деп, басым бәлеге қалды. Туысқандарым қайда барса да «Майра бай ғой, сол көмектессін» деген жауап алатын болды. Өзім де концерт үшін демеушілерден көмек сұрағанда, оларда солай дейді. Олар менің гонорарымның қырық бес пайызының салыққа кететінін қайдан білсін.

— Сіз талай азаматтармен дастархандас болып жүрсіз ғой. Солардың арасынан қайсысын нағыз жігіттің сұлтаны деп атар едіңіз?

— Тоқтар Әубәкіровты. Сол кісіні қазаққа нағыз жаны ашитын азамат деп білемін. Маэстро Төлепберген Әбдірашовты нағыз азамат, нағыз музыкант деп ойлаймын. Ол кісімен әңгімелесудің өзі бір ғанибет.

— Майра, Сіздің жақын досыңыз бар ма?

— Таныстарым көп, бірақ, досым аз. Мен үшін дос деген ұғым – талант деген сөзбен бірдей. Ол да үлкен жауапкершілікті, адалдықты қажет етеді. Оның үстіне сырласып отыруға менің уақытым да жоқ. Әйел адам тұрмысқа шыққаннан кейін оның досы да, сырласы да жолдасы болып қалады емес пе?

— Сіздің соңғы кездегі сұхбаттарыңызды қарап отырсам: «Майра, маған қарыз дегендер келсін, қарызын қайтарып беремін» «Бір Аллаh пен өзімнің еңбекқорлығымнан өзге ештеңеге сенбеймін» деген тақырыптармен шығыпты. Неге?

— Журналистер менің сұхбатымның ішіндегі сіз айтқандай сөздерді теріп алып, тақырыпқа шығарып жатады. Сосын осындай пікір қалыптасады. Мен ешқашан көңілме астамшылық алған адам емеспін, алмаймын да. Кейде шаршағанымда: «неге қолдау жоқ» дейтінім рас. Қазір мені халық біліп, танып қалды. Мен шақырған концертке келеді. Ал жаңа шығып келе жатқан таланттарды кім ойлайды? Бізде дұрыс жүйе қалыптаспаған. Осыны айтсаң: «ертең жолыңды кеседі деп қорықпайсың ба?» десіп жатады. Кейде қатты айтып жіберсің. Ал мұны журналистер іліп алып, дабырлатып жатады. Бірақ өз аузымнан шыққан сөздердің барлығының шындық екенін білемін. Атамекенге ешқандай өкпем жоқ. Бірақ мені бағаламайды. Қазақстанның атын шетелге шығарып жатырмын. Мейлі үкімет, мейлі министрлік, тіпті театр басшылығы да мені мойындағылары келмейді.

— Қазақ «жақсылық көрсең өзіңнен, жамандық көрсең өзіңнен» дейді. Бәлкім, өз мінезіңізде бір кілтипан бар шығар?

— Мен ешкімге жағымпаздана алмаймын. Концерт беретін кезде үнемі кедергі көремін. Мен мықтымын, сол үшін кінәлімін деп ойлаймын. Егер жылап, сұрап жүрсем, маңдайымнан сипайтындар табылар еді. Мықты болғаным үшін маған көп есік жабық.

— Дәл қазір шеше алмай жүрген мәселелеріңізбен бөлісесіз бе?

— Қазақстанға ата-анамды көшіріп әкеле алмай жүрмін. Үйдің бағасы аспандап кетті. Талай есіктің табалдырығын тоздырдым. Алдап-сулап шығарып салады. Сатып алып берейін десем ақшам жетпейді. Тапқанымның қырық бес пайызын салыққа төлеймін, одан асқанын шығармашылығыма жұмсалуда. Уақытым болса Қытайға барып қайтуға тырысамын. Кішкентай кезімізде әкешешеміз гастрольдерге кеткенде үйде зарығып күтіп отыратын едік. Ал бүгін «Майра қашан келер екен?» деп олар күтіп отырған жағдай бар. Осы жағдай жаныма қатты батады.

— Қатты қуанған сәтіңіз есіңізде ме?

— Қазақ елінің азаматтығын алғанда қатты қуандым. Өйткені екі жылдай ала алмай қатты қиналғаным есімде.

— Неден қорқасыз?

— Өзімнен қорқамын. Өйткені жақсылықты да, жамандықты да жасайтын өзің ғой. Қателікті де.

— Қайда демаласыз?

— Үйде демаламын. Өйткені үйде ғана өзімді жайлы сезінемін.

— Сізге қатты әсер еткен жағдай туралы баяндап беріңізші...

— Бір жолы Паваротти Африканың шалғай түкпіріне барыпты. Күн күйіп тұр. Қараса, тырдай жалаңаш кішкентай балалар мойындарына нанды жіпке өткізіп іліп алып, сатып жүр екен. Паваротти машинасын жақындатып, терезесін ашады. Сонда жүгіріп келген бес жасар бала таңданысын жасыра алмай: «Па-ва-рот-ти» деген екен. Паваротти осы көрініске «жылап жібердім» дейді. «Өзінің тегін білмейтін бала менің кім екенімді біледі. Бүгін өлсем де арманым жоқ. Бұл өмірге бекер келмеген екенмін» деп ойланыпты ол. Осы жағдай маған да қатты әсер етті.

— Кішкентай кезіңізде қандай армандарыңыз болды?

— Үлкен әнші болғым келетін.

— Ал қазір ше?

— Ана болғым келеді. Бір жағынан өмірге бала әкелсем ән айтпай кететін шығармын деп ойлаймын. Өйткені сәбиіме қарап «бала тұрғанда мына әнді неге айтып жүрмін?» дейтін сияқтымын. Жолдасым екеуіміз балаларды сұмдық жақсы көреміз. Бірақ бәрі бір Алланың қолында ғой...

Мақпал Қаратайқызы,
Сұлтан №5 (9)

← басқа статьяларға