Home Home Home
 

Маусым 2008

Мен көрерменді ақ, қара деп бөлмеймін

— Майра, адам туған жерден алыста жүргенде елге оралғасын қолға алсам деген тың ойлар пайда болатыны бар емес пе? Сіздің сондай ой-мақсатыңыз бар ма?

— Мен үйден алыстаған саыйн туған жеріме деген сағынышым, сүйіспеншілігім үлғая түседі. Шетелде үлкен ортаны көріп, кәсіби деңгейі жоғары жерде жұмыс істегеннен кейін, елге жеткен соң, өйтсем-бүйтсем деген идеяларым көп-ақ. Бірақ ойымды алдын ала жария етсем, көбіне орындалмай қалатыны бар. Сондықтан оны алдағы күндері атқарған жұмыстарымнан біле жатарсыздар.

— Әр адам өзінің болмысы қамтитын кеңістікке қарай ойлайды. Сіздің өнердегі ой өлшеміңіз қай деңгейде?

— Мен ұлттық шеңберде емес, әлемдік деңгейге жетсем деп талпынамын. Кейде «Қазаққа опера, балет керек пе?» дегенді де естимін. Бүкіл әлем ілгері дамып жатқанда, мұндай сұрақ қоюдың өзі ұят. Менің басты қағидам — өнер адамзатқа қызмет істеуі керек, ал өнерпаз алдымен елді, жұртты құрметтеуі, сүюі тиіс. Қандай өнер көрсетсе де барын салып, жан-тәнімен беріліп орындауға міндетті. Мен көрерменді ақ, қара, азиялық, еуропалық деп бөлмеймін. Олар өнерімді бағалап, билет алып, уақыт бөліп келгеннен кейін сахнада партиямды да, ариямды да жанымды салып, бар ықыласыммен орындаймын.

— Францияда 50-ге жуық опера театры бар, кәсіби әншілері де көп. Сіз ол жақта елдегідей танымалсыз ба?

— Құдайға шүкір, қазіргі беталысым жаман емес. Келісімшартты 2012 жылға дейін ұзартты. Бүгінде ондағы көрермендерден бастап, театр директорлары, режиссер, музыканттар, тіпті жарық беруші, әрлеушінің қабағынан жылылық пен құрметті сеземін.

— Сізді шарт жасасқан Гранд опера театрынан басқа да театрлар шақырып тұра ма?

— Францияның бүкіл опера театрларында келісімшартпен жұмыс істеймін. Бордо театрында жаңа маусымды ашу құрметіне ие болдым. Жеке концерттерімді де беріп тұрамын.

— Сіздің менеджеріңіз бар ғой.

— Жеке-дара менеджерім де, агентім де бар. Менімен түзілетін келісім-шарттардың зандық мәселесімен Кристофф Бронжону деген француз менеджері айналысады. Бірақ ол — жас агент. Ол жақта 150-200 әншімен жұмыс істейтін үлкен масштабты менеджерлер бар. Менің агентімде 25-30-дай әншісі болса, мен оның ең жоғары топтағы әншісімін. Ол айдады: «1-2 жыл асықпай репертуарды байытып алайық, сосын бүкіл дүниежүзін аралаймыз» деп. Қазір репертуарымды байыту үстіндемін.

— Франциядан басқа елдерге шығып тұрасыз ба?

— Менің қазіргі мақсатым — Францияны мойындату (күлді).

— Ла Скалада ән салсам деп армандаған едіңіз. Онда өнер көрсету талабы бұрынғыша ма?

— Бұрын Ла Скала сахнасына мықты конкурстан өткен таңдаулылар, примадонналар ғана шығатын, қазір олай емес. Менеджерің мықты болса болды.

— Еуропада театрлар әр маусымда қойылатын спектакльдерін қатаң сарапқа салып, сүзгіден өткізіп барып, көрерменге ұсынады екен. Ал бізде қойылатын айтулы қойылымдар санаулы ғана. Театрда репертуар көбейту жағы қалай?

— Кейінгі кезде біздің театрларымыздың қойылым саны көбейіп келеді, оған да шүкір дейсің. Ертең Г. Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсының премьерасы. Қоюшы-режиссері санктпетербургтік Юрий Александров. Бұл операны екі театрдың бірі қоймайды. Біздің артистер шамасы келсін-келмесін соған дайындық үстінде. Еуропада «Лючия ди Ламмермур» секілді үлкен дүниелерді қою үшін байыпты ақылмен, жан-жақты дайындықпен келеді. Бізде көбіне режиссерді Ресейден шақырады. Дұрыс, шетелден де шақыру керек. Менің байқағаным, олардың режиссерлері біздегідей бір жанрда ғана қадалып қалмаған. Бүгін опера қойса, ертең кино, арғы күні драма, одан кейін биді де қоя береді. Сосын ол жақта міндетті түрде театрлар мен телевидение келісімшартқа отырады. Театрда қандай жаңалық — соны теледидар жарнамалап, халыққа жеткізеді. Одан кейін сыншылар көп, олар талдап, сынап, ойпікірлерін айтып, сараптап жатады. Ондай жүйе бізде қалыптаспаған. Біз әлі күнге дейін жалақы жүйесімен жұмыс істейміз. Еуропалықтар осыған таңғалады. Оларда еңбекақы гонорармен төленеді. Олар репетицияға да гонорар төлейді, қанша уақыт репетиция жасадық, бәрі есептеулі. Кейде ойлаймын, 5 жастан пианиноны оқып-үйреніп, қажымайталмай еңбектеніп, енді жеттім-ау дегенде, алатын айлығың мейрамханадағы даяшының айлығынан да аз. Бұл — санаға сыймайтын әділетсіздік.

— Сіздің шетелге кетуіңізге осы жағдай себепші болған жоқ па?

— Жоқ. Қаржы-қаражат үшін емес. Опера айтып миллионер болған әншіні естімедім. Біз — өнердің құлымыз. Соған қызмет етеміз. Кішкене күнімнен ән айтуды жақсы көрдім, құмарттым. Осы айтқан әнімнің шыңына шықсам деп армандадым. Мұндағы екі театрдың бар репертуарын айттым, фильмге де түстім, бәрін көрдім. Енді үлкен театрда мықты мамандармен жұмыс істесем, үйренсем, білсем, ой өрісімді кеңейтсем деп шетелге шығып жүрмін. Шынымды айтсам, мұнда мамандар мені қанағаттандыра алмады. Жұмыстарына көңілім толмады. Бірақ осы қасиетті шаңырақты өте жақсы көремін. Кеше кеттім, бүгін тағы келдім. Неге? Не болып жатыр, болып жатқан жаңалықтан мен де қалмайын. Еліміздің опера өнеріне атсалысайын, үлкен мектептен үйренгенімді, көріп-білгенімді еліме концерт арқылы көрсетейін. Жақсы арияларымды, әндерімді өз халқым да тыңдасын. Келген сайын үлгерсем, спектакльдерге де қатысып, жоспарларымды біртіндеп-біртіндеп орындап келемін.

— Аты аңызға айналған тенор Лучано Паваротти Турин Олимпиадасында сырқат болғандықтан, Калафтың Нессин Догте ариясын фонограммамен айтыпты деген дау ол өлген соң да басылған жоқ. Жалпы, опера әншісінің фонограмма пайдалануы туралы не айтасыз?

— Опера әншілері де микрофонмен, фонограммамен ән салуы мүмкін. Ол енді қандайда бір себептермен. Мысалы, үлкен стадиондарда, акустикасы жоқ үлкен залдарда техникаға сүйеніп ән айтуға тура келеді. Ондай жағдайлар бізде жиі кезігеді. Ал Еуропада бұл келісімшартқа байланысты. Қалай келісесіз? Қандай жағдайда? Ол сол әншілерге байланысты, негізі, опера әншілері қашанда болсын тірі дауыспен ән салады.

— Естуімізші, елімізде Плачидо Домингомен қосылып ән айту ойыңызда бар екен.

— Иә, Ол — әлемге танымалы тенор. Ол кісі Қазақстанға келіп, концерт беруге пейілді. Ондай атақты әншілерді мемлекеттік тұрғыда немесе келісімшарт арқылы шақырмаса, құр ауызбен кел деп айту жарамайды. Мәдениет министрлігі бар, Алматы, Астана опера театрлары бар, бәлкім, шақыртармыз.

— Павароттимен қосыла ән салсам деген арманыңыз да болып еді.

— Павароттимен ән салу нәсібі бұйырмады. Ол кісі дүниеден ерте кетті. Бірақ Роберто Алания, Марселло Альварез тағы да басқа тамаша әншілермен бірге ән салдым. Осыған да шүкір етем.

— Бір кезде өнерді жаңа бастаған Майра мен қазіргі Майраның арасында қандай айырмашылық бар?

— Жас кезімде «сахнаға шық сам» деп жұлқынып тұрған Майра болатынмын. Қатты ауырып жатып, сахнаға шыққан кездерім болды. Ал қазір қай операны болсын сараптап, персонажды түгел түсініп, байыппен, сабырлылықпен, бар жан-тәніммен, шеберлікпен, мінсіз етіп сахнаға шығуға тырысамын.

— Майра, адамға дауыс Құдайдан берілген сый деп жатады. Сіз қалай олайсыз, шынымен солай ма, әлде бірте-бірте еңбектенудің арқасында қалыптаса ма?

— Құдайдың берген сыйы деп білемін. Опера әншілері тек көмейдің құдіретімен және зор еңбектің, қанша жылдар бойы талмай ізденіспен үйренудің арқасында қалыптасады. Содан кейін жинаған тәжірибең, сенімің, техникаң көптеген жақсы қасиеттерің, барлығы – осы жақсы әнші болуыңа қызмет етеді.

— Бізде толыққанды опера мектебі қалыптаса қоймаған. Еуропада балалар опера театры да бар ғой.

— Еуропада опера өнерінің пайда болғанына төрт жарым ғасырдан асып барады. Оларда опера – біздің домбырамыз секілді, дәстүрлі өнерлері, операны өмірінің бір бөлігі, рухани байлығы санайды. Балаларды 3-сыныптан бастап операға тәрбиелейді. Балалар опера театрлары, балаларға арналған опералары бар.

— Шетелге барып өнер көрсеткен өнерпаздардың дені: «Ол жақтың халқы керемет қабылдады» деп жатады. Еуропалықтардың бізден барған әншілерге тамсануы жай эмоция ма, әлде жартылай экзотика деп қарай ма?

— Олардың назарын аударатын, негізінен, біздің ұлттық дәстүріміз деп білемін. Бірақ дәстүр десе, домбыра мен қазақи костюм деп қалмаңыз, мысалы, маған олар: «Қандай мәдениеттсіз, сыпайысыз, сіздің жүріс-тұрысыңыз, сөйлегеніңіз – барлығы ерекшеленіп, дараланып тұрады», дейді. Өнеріміз де солай, қазақ өзі тумысынан талантты халық қой.

— Бірнеше елде концерт беріп жүрсіз, опера өнерін бағалайтын орта ретінде сіз қай елдерді ерекше атар едіңіз?

— Әр елдің опера театрлары өзіндік дәстүрлері мен репертуарларының деңгейі болады. Ұстанған ережелері мен өзіндік заңдары болады. Мен ән салған театрлардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Бір-бірімен ұқсамаған қасиеттерімен, көркемдігімен дараланып тұрады. Негізі, біз операның отаны – Италия деп санаймыз. Ертеден дәстүрді ұстап келе жатқан театр – Миландағы Ла Скала. Нью-Йорктегі Метрополитан, Англияда Ковен Гардын тағы басқалар. Балет өнерінде де Франция мен Ресейден асқан мектеп жоқ.

— Олардың театр жұмыстарын үйлестіруі қалай?

— Оларда театрды кәсіби мамандар басқарады. Мысалы, Плачидо Доминго – Вашингтон мен Лос-Анджелестағы опера театрларының директоры. Дамыған Америкада испандық Домингоға неге бір емес, үлкен екі қаладағы екі театрды басқартып отыр. Өйткені оның идеясы мықты. Ол сол салада өнерін, өмірін театрға арнаған адам. Өз кәсібінің маманы. Бәрін жетік біледі. Әлемде де беделі зор. Сондықтан олар әлемдік аренада.

— Майра, Парижге барып, келісімшартқа отырғанда неше жылға келісіп едіңіздер?

— Алғашында үш жылға, одан кейін әр жыл сайын болған, биыл төрт жылға дейін ұзартылды.

— Сөйтіп-сөйтіп, ол жақта тұрақты қалып қоймайсыз ба?

— Жоқ. Қалмаймын. Еуропаны көріп, барып-келіп тұруға болады. Бірақ мен тұрақтап қала алмаймын. Мен Алматыны ерекше жақсы көремін. Мендей отансүйгіш жоқ шығар.

— Сіз Қытайда туып-өстіңіз. Негізі, адам алаңсыз асыр салып, уайым-мұңсыз балалық шағы өткен жерін, ортасын жиі еске алып, сағынып жүреді. Сізде қалай?

— Менің балалық шағым Құлжада өтті. Білімді Пекинде алдым. Соның бәрі тарих болып есте қалды. Ата-анама барып тұрамын. Бірақ мен өскен Құлжа қазір мүлде танымастай өзгерген. Сондықтан сүйіспеншілігім, махаббатым балалық кезімде қалды. Одан кейін ой-санам қалыптасқан кезде, жас шағымда Қазақстанға келдім. Алматыда өсіп-өндім. Қайда барсам, Алматыны, Алатауды сағынамын. Мен өзімді осы жерде туып-өскендей сезінемін.

— Әлемдік аренада жұмыс істеп жүрсіз, отбасылық жағдайдың сіздің шығармашылығыңызға әсері қалай?

— Аллаға шүкір, жолдасым Ахсан алаңсыз жұмыс істеуіме қолдау көрсетіп, демеп отырады. Барлық туғандарым Алматыда. Ата-анам Қытай Халық Республикасында тұрады. Көпшілікке мәлім, менің әкем Мұхамед Әбдіқадырұлы – сазгер, музыка зерттеушісі, Анам – Камал Қуанышқызы ҚХР Халық артисі. Әкем Қытайдағы қазақ әндерін жинап, «Қазақ халық әндері» атты 500 ән мәтіні топтасқан 2 томдық кітап шығарған. Ата-анамның аманатымен менің операдан тыс қолыма алған үлкен проектім – 500 халық әнін өз әуен-мәтінін сақтап, классикалық мәнермен орындап, жұртшылық назарына ұсынбақпын. Былтыр Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен, марқұм Төлепберген Әбдішаров ағаның дирижерлығымен алғашқы 22 әнді жазып едік, соның 16-сын, бір компакт-дискіге топтастырап, «Інжу-Маржан» деген атпен тыңдарманға жол тартты. Бұл жұмыс әрі қарай 500 әнді аяқтағанша жалғаса береді. Бұл ән жинағы «Майра Мұхамедқызы «VIVA» қоғамдық қорында жазылды. Қорды өзім құрдым. Мақсат – менің барлық жоспарларым мен өнерімді осы қорға арқа сүйеп іске асыру. Осы қорға демеу көрсетемін деушілерді қуана қарсы аламын.

— Майра, көргеніңіз білгеніңіз көп әлемдегі тәжірибелі, таңдаулы әншілердің бірісіз. Шәкірт дайындау ойыңызда бар ма?

— Рақмет, шәкірт тәрбиелеу ол үлкен жауапкершілікте талап етеді. Қазір менде оған мүлде уақыт жоқ. Қытайда алты жыл әнтанудан дәріс бергенмін. Тәжірибем бар. Шыңдалып, әбден пісіпжеттім дегенде міндетті түрде шәкірттерім болады. Бәлкім, мектеп те ашармын. Режиссерлік мамандықты да меңгерсем деймін...

Гүлбану Құлпейісова,
Мәдениет №6 (22)

← басқа статьяларға