Home Home Home
 

19 тамыз 2008

Португалияда аштықтан есім ауып құлап қалдым

Опера өнерінің шыңын бағындыруға бет алған Майра Мұхамедқызы бүгінде әлем сахналарынан жиі көрінеді. Португалия, Испания, Франция, Ресей сынды операның отаны атанған, дүниені аузына қаратқан дүлдүлдер туған елдің сахнасында ән салған қыздың өнеріне табынбаған, оны мойындамаған жұрт жоқ десек, артық айтқандық болмас. Майра өзінің керемет дауысымен бізге опера өнерінің қасиетін танып-білуге, оны сүюге үйретті.

— Тарихи отаныңызға келгеннен кейін қазақ сахнасына шығу да сізге бір арман болған шығар. Алғашқы орындаған партияңыз кімдікі?

— Сіздің бұл сұрағыңызға жауап беру үшін өткенге кеңірек тоқталып өтейін. 1994 жылы елге келдім. Сол кезде мені Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры бір мезгілде қатар тыңдап, бір күнде екеуіне бірдей қабылдандым. Сөйтіп, бір жағынан оқып, бір жағынан осында жұмыс істедім. Сонда Жузеппе Вердидің «Травиятта» операсындағы Виалеттоның партиясын екі жыл жаттадым. Бірақ сахнаға шығарған жоқ. «Неге шығармайсыңдар?» — десем, «Сенің атағың жоқ. Сен бізге төртінші категориямен қабылдандың. Сенің талантыңды біз қалай бағалаймыз? Сендей әншілер көп, бізде талантты жастар жетеді», — дейді. Ол кезде театрда аға буын әншілер де бар болатын. Сахнаға шығу үшін қырғын талас. Сол атақ-дәреженің жоқтығы мені аяғымнан көп шалды.

— Жаңылмасам, әлемдік сахнадағы алғашқы жеңісіңіз Португалиядағы халықаралық байқауға қатысудан басталды емес пе?

— 1997 жылы мені Португалияға шақырды. 1996 жылғы Испанияда өткен халықаралық байқауда 0,2 балл жетпей қалғанын ескеріп, қазылар алқасы арнайы хат жіберіпті. Бір апта болатын байқауға 250-дей әнші келіп, байқау 15 күнге созылып кетті. Бұл маған өте қиын болды. Төрт тур айтатын болдық. Ең соңғы үш күнде ақшам таусылып, сахнаға шығып төрт әнімді айтқаннан соң басым айналып, құлап қалғанмын ғой. Концертке келген бір-екі португалдық кемпір-шал үйіне апарып тамақтандырды.

Содан қайтадан залға келсем, байқаудың қорытындысын хабарлап жатыр екен. Он екі әнші финалға қатысқанбыз. «Әттеген-ай, сәл кешігіп қалғанымды қарашы» деп өкініп тұрмын. Себебі «тоғызыншы, сегізінші, жетінші...» деп айтып жатыр. «Мені айтып кетті ме екен, не болдым екен?» деп жүрегім аузымнан шығып кете жаздап, лүпілдеп тұр. «Төртінші — Испания, үшінші — Мексика, бірінші — Майра Мұхамедқызы, Қазақстан!» дегенде талып қала жаздадым. «Шыныменен, маған бірінші орын бергені ме?» деп не сенерімді, не сенбесімді білмей, дел-сал болып тұрып қалдым. Жанарымнан қуаныш жасы моншақтап төгілді. Бірінші рет бұл байқауға Қазақстанның атынан қатыстым.

— Жалпы, опера әншісіне қазір нендей талаптар қойылады? Ол қандай болуы керек?

— Меніңше, опера әншісі болғанда да ең алдымен табиғатынан жақсы адам болып жаратылуы керек және ол адамда көп жақсы қасиеттер болуы керек деп түсінемін. Дүниедегі ең керемет қасиет үйрену, кітап оқу деп білемін. Ол жақсы адамды да, жаман адамды да арманына жеткізеді. Менің түсінігім бойынша опера әншісі болу үшін де жан-жақты болған жөн. Ол тек қана дауыс емес, сіздің техникаңыз, біліміңіз, бой-әлпетіңіз, түріңіз бәрі-бәрі сай келіп жатса, қандай жарасымды. Мысалы, кейде Еуропаның әншілеріне қарап қызығасыз, бойы да бар, ойы да бар, адамгершіліктері де бар. Құдай сондай бір керемет әншілерді бере салған сияқты. Нағыз әншілер мың жылда бір туады.

Құдай бізге дауыс берумен бірге жалқаулықты да қосып берген. Көп әншілер сол жалқаулықты жеңе алмай өмірде де, сахнада да өзін таба алмай қалады. Жалқаулық әрқашан сіздің аяғыңыздан шалып, «қойшы, ертең істейін, қойшы, ұйықтап алайыншы» деп үнемі кері тартып отырады. Оның үстіне әншілер дұрыс ұйықтамаса да дауысы шықпай қалады. Жақсы демалу, жақсы тамақтану керек. Міне, осы екі нәрседен көп шалынып қаламыз. Ұйықтағаннан кейін жалқау боласың, тамақ жегеннен кейін тола бастайсың. Өзіңді бір формада ұстау өте қиын нәрсе.

— Сіз бір кезде Павароттимен қосылып ән айтуды армандаған екенсіз. Бұл арманыңыз, өкінішке қарай, орындалмай қалған сияқты. Бұдан басқа әлемдік деңгейдегі опера әншілерімен қосылып ән айту ойыңызда бар ма?

— Павароттидің ашық жарқын мінезі маған қатты әсер етті. Денесі қандай үлкен болса, дауысы да сондай керемет, орындаушылық техникасы да ғажап. Ол кісі толық болды да, көп рөлдерден шектеліп қалды. Бірақ бәріміз сондай әнші болсақ деп армандадық, өзімізге пір тұттық. Керемет әншілер көп өмірде, соның бірі — Плачидо Доминго. Қазір ол кісі Вашингтон және Лос-Анжелес опера театрларының директоры. Американың кенжелеп қалған осы екі опера театрын қаржы жағынан да, шығармашылық тұрғысынан да, ақыл-парасатымен де көтеріп, бүгінде дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы театрларға айналдырды. Осы кісімен қосылып ән салсам деген үлкен арманым бар. Ол мені 2005 жылы Вашингтонға шақырып, тыңдап, өнеріме тәнті болды. «Майра, сіз еліңізге шақырыңыз, екеуміз бірге дуэт айтып, бір кеш концерт берейік» деп талай ұсыныс айтты. Сондықтан алдағы жоспарларымда бір жақсы демеуші тапсам, сол кісіні шақырсам, біздің ел де сондай ғажайып әншіні бір тыңдаса екен деп армандаймын.

— Шетелдік опера театрларының шақыруымен жұмыс істеп жүр екенсіз. Жат жұрттағы жағдайыңыз қалай?

— 2002 жылы маған Францияның сыртқы істер министрлігінен хат келді. «Майра Мұхамедқызы деген әншілеріңіз бар екен. Сол бізге келсе, біздің мамандар тыңдаса» деп өтініш білдіріпті. Мен Парижге кешігіп бардым. Дайындықсыз бірден сахнаға шықтым. Францияның Гранд-опера театрының бас директоры келіп, менімен келісімшартқа отыратындарын айтты. Басында екі жылға, үш маусымға келістік. Еуропаның өмірі де, өнерге деген көзқарастары да өзгеше. Біз сияқты әншілері тұрақты айлық алып істемейді. Мен алғашқы кезде қатты толқыдым, себебі қасымда әлемдік деңгейдегі әртістер. Тіл жағынан да, репертуар жағынан да біраз қиналдым. Қазір, құдайға шүкір, француз тілін қайта оқыдым. Дүниежүзіндегі ең атақты жұлдыздармен бірге сахнаға шықтым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Францияда достарым көп, келісімшарт әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде тек Гранд-опера театрында ғана емес, Францияның бес-алты қаласындағы опера театрларында келісімшартпен турне жасап, ән салып жүрмін. Кез келген әншіге тие бермейтін Бордо театрында жаңа маусымды ашу құрметіне ие болдым. Францияда өзімнің жеке концертімді бердім. Биыл уақытымның көбісі осы Францияда өтеді.

Өткен жылы он бес жылдан кейін Бейжіңде үлкен жеке концертім болды. Олардың ең үлкен Туша Ни Таң деген театры бар. Мен мұнда концерт берген үшінші әншімін. Бұған дейін мұнда Американың сопрано дауысты әншісі Джеки Морман және Плачидо Доминго ән салған.

Менің әкем Қытайда, Моңғолияда тұратын қазақтардың 500 әнін жинаған, оны екі томдық кітап етіп шығарған кісі. Сол әндерді жарыққа шығаруды маған аманат етіп тапсырды. Осы әке тілегін орындау мақсатында өткен жылы Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен 20 халық әнін жазғыздым. Ол «Інжу-маржан» деген атпен үстіміздегі жылы жарық көреді. Тағы 16 әннен тұратын жеке дискі шығардым. Енді осы рухани қазынаны халыққа жеткізсем деген мақсатпен биыл еліміздің бірнеше қалаларында концерт бермекпін.

Орынбасар ДӨҢҚАБАҚ,
Айқын

← басқа статьяларға