Home Home Home

Наурыз 1998

Қазақ операсындағы жаңа есім

Бұл өмірде жұлдыздай жарқырау — әр пенденің арманы. Алайда, ондай жұлдызды сәт әркімге туа бермейді. Пенденің басында сәттіліктер болғанымен, оның бәрі айдай әлемге таныла бермесі анық. Мың жылда бір қайталанар хас таланттар ғана тыңдаушысын тәңірідей табындырады. Ғасырымыздың соңғы жылдарында қазақ операсының сахнасында жарық жұлдыздай жарқ еткен Майра Мұхамедқызының есімі тым-тым алысқа естіліп жатты. Өткен жылы Португалияда өткен халықаралық опера әншілері конкурсы оның атын әлемдік деңгейде танытты.

Алтайдың арғы бетінде 1967 жылы дүние есігін ашқан Майра да, оның дүниеге келуіне жүрек жара қуанған ата-анасы да Майраның әлем сахналарында қазақ елінің атынан тамылжыта әр түрлі арияларды орындап, оған мыңдаған көрермен сүйсіне қол соғатынын сезді ме екен?! Әріне, жоқ. Майраның ата-аналары да өнерлі. Әкесі Мұхамед Әбдіқадырұлы — сазгер, өнер профессоры, анасы Қамал Қуанышқызы — Қытай халық артисі. Олар қыздарының тума талантын ерте түйсінсе керек. Алты жасынан-ақ фортепианода ойнауға үйретеді. Шыңжаң музыкалық училищесінде оқытады.

16 жасынан бастап Пекин Ұлттар университетінің музыка факультетінде дәріс алады. Майра сол кезден бастап әр түрлі ән байқауларына қатынасады. Майраның таланты Қытай халық республикасының хас өнерпаздарының сарабынан өтіп, «Жас әнші», «Ертеңгі жұлдыз» сияқты бүкілқытыйлық ән байқауларында екі мәрте бірінші жүлдені жеңіп алды.

Пекин университетінің профессорлары Майраның бойындағы ұстаздық қабилетті танып, оны музыка факультетінде ұстаз ретінде қалдырады.

«Дарын иесінің биікке самғауы үшін таланттың үлесі — бір-ақ процент, қалғаны еңбектің нәтижесі», — деп ұлы Чехов айтқандай, Майра талмай іздену соңына түседі. Студенттерге сабақ үйрете жүріп, Пекин консерваториясының профессоры Го Чу Жыңнан өзі де дәріс алады, көп үйренеді. Сахнадағы шеберлік, опера әншілерінің өзіндік стилі, орындайтын партияларының табиғаты — бұның бәрі Майраның зердесіне тоқыла береді. Әрі жеке әншілік ізденісінде әлемдегі ең таңдаулы опера әншілерінің видео-кассеталарын, өмірбаяндарын, өнердегі ізденістерін, тәжірибелерін жинақтайды.

— Бұның өзі — үлкен мектеп, — дейді Майра әріптестерінің өнердегі тағылымынан сыр шерте отырып.

Атамекенге оралу — сырттағы қандастарымыздың қай-қайсысының да арманы. Майра да осы үміттің жетегімен 1994 жылы Мәскеуде өткен Чайковский атындағы опера әншілерінің халықаралық конкурсы қарсаңында Алматыға бет түзейді. Көптеген асулардан, алынбас қамалдардан өтіп жүріп Майра Алматыға ат басын тірейді.

Атамекен жырақтағы туысқандар ішінен таланттар іздеп, сұрау салуда екен. Өнер қарлығашы Майраны да жылы шыраймен қарсы алады. Мәскеудегі конкурсқа қатысқысы келетінін біліп, қолдау көрсеткен Құрманғазы атындағы консерваторияның оқытушысы, профессор Нәдия Әбдірахманқызы Шарипова төрт ай бойы Майраға жеке дәріс береді. Сол еңбектің нәтижесінде ол Чайковский атындағы конкурс дипломанты атанады. Туған елге басқан қадамы осылай сәтті басталады.

— Қытай операсы шыңдалу мектебім болса, Қазақстандағы опера театры талантымды ұштай түсті. 1994 жылдың қыркүйек айынан Абай атындағы опера және балет театрына әнші болып орналастым, әрі Құрманғазы атындағы консерваторияның аспирантурасына түстім. Оған да Нәдия Шарипова жетекшілік етті. Жұлдызым оңымнан туған болар, халықаралық конкурстарға жиі қатыса бастадым. 1996 жылы Римский Корсаков атындағы, Санкт-Петербургтегі және Испаниядағы халықаралық конкурстарға қатыстым... — дейді Майра, өзінің ізденіс жолдары туралы айтқанда.

Ал 1997 жыл Майра үшін өте сәтті өтті. Қазан айында Португалияда өткен дүниежүзі опера әншілері конкурсына Қазақстан атынан қатысу бақытына ие болады. Оған ықпал жасаған Абай атындағы опера және балет театрының директоры Қуаныш Оразғалиевтың еңбегі ерекше еді.

Конкурсқа әлемнің 17 елінен 66 әнші қатысты. Ата-бабаларымыздың қасиетті топырағы желеп-жебеген болар, үш турдан да мүдірмей өткен Майра бас жүлдені жеңіп алады. Шет жұрттағы өнер жанкүйерлері Майраның ән салу талантына риза болып, орындарынан тұрып қол соғып: «Браво! Қазақстан!» деп қошеметтейді.

Елбасымыз өнерпаз жастарды қашан да өз қамқорлығына алып, назар аудара жүретіні баршамызға мәлім. Майраның жетістіктері де назардан тыс қалмағандай. Нұрсұлтан Әбішұлы өз қолымен Қазақстан азаматы деген құжат пен 2 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырады. Өнерді қастерлеген халқының рухына тәу ету Майраның бар болмысында әрқашан көрініп жатқандай. Ол толқығаннан:

— Менде осы ата жұртымның азаматы деген қасиетті де, қастерлі атты пір тұтып, өнер көгіне қанат қағудан, халқыма өнерімді сыйлаудан басқа дәтім жоқ, — деп еді бір кездескенімізде.

— Өнерінді халқың көрсін, Майра! — деуден басқа біздің де айтарымыз жоқ.

Есенгүл Кәпқызы,
«Қазақстан әйелдері» № 3/1998

← к басқа статьяларға